RSS

Тарихи романдары

elib1201157Есенберлиннің нағыз жазушылық орнын белгілеген шығармалары — «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» атты тарихи романдары.

Тарихи романдар деп өткен тарихтың маңызды оқиғаларын қайта жаңғыртып, оларды көркем түрде баяндайтын романдарды айтады. Жазушылар тарихи романда тарихты жаңғыртумен шектеліп қоймай, адамгершілік, психологиялық, мәдени мәселелерді біртұтас көтеруге көңіл бөледі.

Жазушы I. Есенберлин өзінің тарихи трилогиясында қазақ елінің ХV-ХІХ ғ.ғ. тәуелсіздік үшін табанды күресін көркем суреттейді. Осы жолдағы қыруар қиындықты, ішкі қайшылықтарды, адами қатынастарды, олардың әрекеті мен мінез-құлықтарын, сырт жаулармен шайқаста шыныққан бірлікті, дәстүрді, салт-сананы көрсетеді Тарихи жазба деректерге, шежіре мағлұматтарына, аңыз әңгімелерге сүйене отырып, қаламгер қазақ халқының тарихының аса маңызды тұстарын ашып, көптеген тарихи қайраткерлердің көркем тұлғасын жасайды.

«Алмас қылыш» романы — XV ғ. оқиғаларынан аса көп мағлұматтар бере алады және ол оқиғалардың жылнамалық реті сақталған. Сол себепті де оны роман-хроника деп атауға болады. Роман-хроника болғандықтан, онда көптеген тарихи оқиғалардың тізбегі басым келуі — жанрлық заңдылық.

Көшпенділер1«Алмас қылыш» романында Дешті Қыпшақтың (бұрынғы қазақ елінің бір атауы) қаһарлы ханы Әбілхайырдың кезінде қазақ руларының қазақ хандығы қол астына топтасуы, бір жағы — Әбілхайыр, екінші жағы — Жәнібек, Керейлердің тақ пен тәж үшін таласы, хан ордасындағы шытырман оқиғалар, алдау мен зорлықтар тізбегі баяндалған. Кітаптың бірінші бөлімі — Әбілхайыр ұлысының екіге бөліну жағдайын көрсетуге арналса, екінші бөлімі қазақ хандығының ішкі, сыртқы жауларымен кескілескен күрес үстінде шынығып ширауы, бұл жолдағы қыруар кедергілер мен қиындықтар көрсетілген.

Романның басты идеясы — қазақ руларының бірлесу, бір хандықта ынтымақ құру мәселелері.

Шығармада басты қаһарман Әбілхайырдың, сондай-ақ Жәнібек, Мұхаммед Шайбани, Бұрыңдықтардың, тағы басқа тарихта болған қайраткерлердің бейнелері жасалған. Автор олардың күрделі тұлғаларын бойындағы қайшылықтарын ашып көрсету береді. Мәселен, Әбілхайыр, бір жағынан, айлакер, ақылды айбарлы ел басшысы болса, екінші жағынан, өз мақсаты жолында ешбір арамдық, азғындықтан тайынбайтын мейірімсіз, қандықол. Оның жүздеген жылдарға созылып, әріден келе жатқан Шыңғыс ханның үрім-бұтағының озбырлық саясатын жалғастырушы екенін де автор жасырмайды, хан екен деп, орынсыз дәріптемейді.

Қалың әлеумет адамдары да романның басты идеясын ашуда елеулі қызмет атқарады. Мәселен, Асан Қайғының Бердібек пен Әбілхайырға айтатын қатал сын сөздері, Әбілхайырдың Керей мен Жәнібек елін шабам деген екпінінің қол астындағыларының қолдамауынан су сепкендей басылуы сияқты көріністер бұған айғақ.

Мұнда халықтың жақсы қасиеттерін бойына дарытқан Қобыланды, Қазтуған, Саян, Орақ секілді кейіпкерлер романның идеялық жүгін едәуір көтеріп тұр. Мәселен, Қазтуған мен Қотан ақындардың айтысы арқылы роман бүкіл қазақ даласының тарихи көрінісін, шежіресін береді, халықтың сан ғасырлық өмірін, күрестерін, олардың сыры мен сипатын айтады.

elib1201155Трилогияның «Қаһар» атты кітабында I. Есенберлин XIX ғ. 30-40 жылдарындағы Кенесары Қасымов бастаған  Ресей отаршылдығына қарсы қозғалыстың жай-күйін әңгімелейді. Мұнда жазушы жұртқа бұрыннан белгілі тарихи оқиғаларды тізе отырып, ондағы адамдардың күйініш-сүйінішімен, арман-өкінішімен, мұратымен, кейіпкерлер тағдырымен байытып көрсетеді.

«Қаһарда» қазақ даласында тәуелсіз хандық орнатуды мақсат еткен Кенесарының қол жиып күреске шығуы, тәуелсіздік үшін күресті қолдамаған сұлтандарға және патша бекіністеріне шабуылы, Кенесарының билікке қол жеткізу үшін патша өкілдерімен келіссөздер жүргізуі, талабы өтпеген жерлерде халық қанының төгілуімен есептеспей, күш қолданылатын істерге баруы баян етіледі. Осы жолдағы ханның қаталдығы, елдің күйзеліске ұшырауы, Кенесары дұшпандарының ұйымдасқан іс-әрекеттері, сан алуан адам мінездері көрсетіледі.

00000747Бір отаршылдан екінші отаршылдың артықтығы жоқ екені, бәрінің көксеген мүддесі қазақ елін бөлшектеп бөліп, әлсіретіп, қансыратып, талан-таражға салу, өз билігін жүргізу екенін жазушы ашып көрсетеді. Мәселен, ҚоқанХиуахандықтарына ұзақ уақыт тәуелді боп тұрған оңтүстік қазақтарының ауыр жағдайы, Ташкенттің құшбегі Бегдербектің жәрдем сұрап барған Есенкелді, Саржанды қасындағы нөкерлерімен бірге опасыздықпен өлтіріп жіберетін суреттертарихи шындықтарға негізделген.

Романда Кенесары бейнесі тарихи толық мазмұнда көркем сомдалған. Автор оның жеке басындағы  ерлік  пен парасаттың үйлесімін шебер аңғартады. Мысалы, Саржан мен Есенкелдінің құшбегі Бегдербек қолынан қапыда мерт болғанын естіп, «Ташкентті шабу керек» деген Қасым төренің кеңесін іштей қабыл көрсе де, соғысқа шығуға ертерек екенін түсініп, жоспарды кейінге қалдырады. Кенесарының Ақмола бекінісін алғанда көрсеткен ерлігі де әсерлі. Кенесары бастаған қозғалыстың белгілі батырлары — Ағыбайдың, Иманның, Төлебайдың, Басықараның, Жанайдардың, Бұхарбайдың эпизодтары да олардың батырлық бейнесін айқындай отырып, Кенесары  тұлғасын толықтыра түседі.

Романда Ресей патшалығының өр дәрежелі өкілдері бейнелері де бар. Солардың ішінде, әсіресе, Қараөткелдің ағасұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендиннің халыққа қаны қас мейірімсіздігі мен мансап үшін арын сататын арамзалық анық таңбаланған. Ол Омбы генерал-губернаторының сеніміне ие болып, билігі мен мансабынан айырылып қалмау үшін елдің бас көтерер адамдарын ұстап береді. Әйелі Зейнеп, баласы Шыңғыстың қылықтары да Қоңырқұлжаның шексіз азғындық өмір сиқын жалаңаштай түседі.

Жалпы алғанда, I. Есенберлиннің «Қаһар» романы — қазақ халқының азаттық жолындағы күрес шежіресіне қосылған, оның Кенесары қозғалысы сияқты аса ірі кезеңінің ішкі сырларын көркем түсінуге көмектесетін елеулі тарихи шығарма.

Реклама
 

Обсуждение закрыто.

 
%d такие блоггеры, как: